Орталық қалалық кітапханада 21 сәуір күні Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап шоу-2023» фестивалі аясында «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде оқырмандардың кітап оқу белсенділігін арттыру мақсатында Көкшетаулық ақын – Қуаныш Ерғалиұлы Оспановпен ауқымды әдеби кездесу кеші ұйымдастырылды. «Сыбаға» поэмасындағы этнопедагогика мәселелері атты іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ұстаздар, оқушылар, қала тұрғындары қатысты.
«Кітап шоу-2023» фестивалі айдарында атақты ақын бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан танымал талантты ақын, айтыскер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Әнел» және «Төбел» егіз кітаптарының авторы, М.Жұмабаев атындағы АОӘҒК-ның басшысы – Қуаныш Ерғалиұлы Оспановты жиналған қауым сән-салтанатпен қарсы алып, «Арнау» айтты. Сонымен қатар, «Асыл әжелер» тобы халық әні «Сәулем ай» әнін тарту етті. Мұнан соң, құнарлы топырақтан, дарынды елден, тамырлы жерден шыққан ақын алғашқы туындысы – «Сыбаға» поэмасын оқырмандарына мәнерлеп оқып, туындының мән-мақсатын тарқатып берді.
Ақын өз ауылындағы көзге ыстық, жүрекке жылы құбылыстарды жіті сезініп, ерекше бір сағынышпен, жүрек лүпілімен әсерлі жеткізді. Қуаныш Оспан – өз өлең-жырларымен оқырмандарын шуақты сезім, жылы әсерге бөлеп, талантын паш етті.
Шара барысында С.Сейфуллин атындағы №5 КМЛ оқушылары «Сыбаға» поэмасынан сахналандырылған қойылым көрсетілді. Кеште Қуаныш Оспан “Ауылдың баласымын” өлеңімен қорытындылап, оқырман қауымға жылы лебізін білдірді.

«Кітап шоу-2023» фестивалі

Пікір үстеу