Ақмола өлкесі – жырға бай. Қазақ өлеңіне үлкен үлес қосқан талай тарлан таланттар шыққан жер бұл. Көркем табиғаты ақындарды әсем этикаға, батырлық пен ерлік талғауларына бейімдеп, шалқар шабыт сыйлайды.

Орталық қалалық кітапханада бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан танымал талантты ақын, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Престиж» газетінің қазақ редакциясының редакторы – Полатбек Тыллабайұлы Жанбаевтың «Мәнгілік көктем» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

«Мәңгілік көктем» атты жаңа жыр жинақта туған жерге, ауылға деген сағыныш сипатталып, рухани ел тұлғаларына деген іңкәрлік, Отанға деген адалдық сезіледі. Егеменді қазақ елінің жарқын болашағы, еңбек адамдары мен тіл, дін, отбасы тақырыптары да қамтылған. Бұл кітаптың шығуына және тұсаукесер кешінің өтуіне қолдау жасаған Степногорск қаласының әкімі – Қайыржанов Алпысбай Қуандықұлы және қала әкімінің орынбасары – Гүлназ Маратқызы Әбілова.

Полатбек Жанбаевтың таңдамалы өлеңдері топтастырылған «Мәңгілік көктем» атты жыр жинағы Алматы қаласындағы «Үш қиян» баспасында “Kazakhaltun Technology» ЖШС-нің бас директоры Семен Сергеевич Ханның демеушілігімен басылып шыққан.

Кітап әртүрлі тақырыптағы қалам тербеген ақын тірлік тынысын өлеңмен өрнектеп, жырсүйер қауыммен сырласады. Өмір белестерін айшықтап суреттеген ақынның жырларында боямасыз сурет, табиғи ажар, ой үйлесімі бар. Ақын адал еңбек, пәк махаббат, биік адамгершілік, Отан, дәуір, халық, қазақ мінезі, елге, жерге деген сүйіспеншілікті жырларына арқау еткен. Кітап қалың оқырман қауымға арналған.

Полатбек Тыллабайұлы Жанбаевтың «Мәнгілік көктем»

Пікір үстеу