Құрметті әріптестер!

Республикалық “Бір ел – бір кітап” акция комитеті мен әлеуметтік желідегі оқырмандардың таңдауы арқылы 2019 жылы жазушы Әбіш Кекілбаевтың “Аңыздың ақыры” романы және ақын Әбділда Тәжібаевтың поэзиялары оқылатын болады.

Әбіш Кекілбайұлы 6 желтоқсан 1939 жылы Оңды ауылы, Маңғыстау облысында дүниеге келген. Астана қаласында 11 желтоқсан 2015 жылы дүниеден озды. Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы (1996-2002), Парламент Сенатының депутаты (2002-2015) болған. Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді. Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» – Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. 2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының 1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының 1995, «Отан» орденімен 1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды.

Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Ақмешітте (қазіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келген. 1998 жылы дүниеден озды. Ақын, драматург, әдебиет зерттеуші ғалым. Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының халық жазушысы. Әбділда Тәжібаевтың «Жаңа ырғақ», «Аралдар», «Кешеден бүгінге», «Жартас», «Жаңа өрімдер», «Құрдастар», «Толағай» және 5 томдық жыр жинақтары жарық көрген. «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Той боларда», «Дубай Шубаевич» т. б. пьесалары қойылған. «Өмір және поэзия», «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы», «Жылдар, ойлар» т. б. зерттеу еңбектерін жазған. Ә. Тәжібаевтың өзі Абай шығармаларымен ерте танысып, көп үйренген ақын. Сондықтан да ол Абай өлеңдері тақырыбына қайта-қайта оралып, ақынның әр сөзіне үңіле қарау қажеттігін талмай көтеріп келеді. Абай аруағына арнап «Абай мен Мұхтарға қойдық белгі», «Сағындырған Сарыарқа», «Жолдас Абай» өлеңдерін жазды. Ақынға жыр жинағы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген.

«БІР ЕЛ-БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ 2019

Добавить комментарий