10 тамыз күні Степногорск ОКЖ-нің Орталық қалалық кітапханасы Абай Құнанбайұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясының алаңында қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай мұрасы – рухани байлық» атты әдеби кеш өткізді. Іс-шараға 3517 әскери бөлімінің сарбаздары, кітапхана оқырмандары, қала тұрғындары, сондай-ақ қалалық мәслихаттың төрағасы Жағыпаров Олжас Аманжолұлы мен білім бөлімінің басшысы Оспанова Алтын Қабдрашитқызы қатысты. Кітапханашылар Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық жолына тоқталып, оның қазақ әдебиеті мен рухани мәдениетінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы кеңінен мәлімет берді. Ақынның өлеңдері мен «Қара сөздерінде» көрініс тапқан білім, ғылым, еңбекқорлық, адамгершілік, әділдік және елжандылық идеяларының бүгінгі қоғам үшін маңыздылығы атап өтілді. Қатысушылар Абайдың тағылымды өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақынның сөзіне жазылған әндерін орындап, ұлы ақынның даналыққа толы нақыл сөздері мен қанатты ойлары төңірегінде пікір алмасып, Абай мұрасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы ой бөлісті. Іс-шара соңында Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Абай мұрасы – рухани байлық» атты кітап көрмесі таныстырылып, ақынның шығармалары мен ол туралы әдебиеттерге шолу жасалды.
«Абай мұрасы – рухани байлық» әдеби кеш
