Орталық қалалық кітапханада «Желтоқсан шежіресі — елімнің мәртебесі» тақырыбында тағылымы терең тарихи-танымдық кеш өтті. Іс-шараға Қаныш Сәтпаев атындағы №9 жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушылары қатысып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызымен танысты. Кеш барысында Желтоқсан батырларын еске алу мақсатында бір минуттық үнсіздік жарияланып, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаметжанова, Ербол Сыпатаев сынды қаһармандардың тағдыр жолы баяндалды.
Сонымен қатар «Тәуелсіздік таңдары» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, оқушылар тәуелсіздік тарихын айшықтайтын құнды еңбектермен танысты. Іс-шара соңында қатысушыларға ой тастайтын тапсырма ұсынылып, жастардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған пікір алмасу өтті. Кеш «Желтоқсан желі» әнін хормен орындаумен аяқталып, көрермендерге терең рухани әсер сыйлады.
«Желтоқсан шежіресі — елімнің мәртебесі» тарихи-танымдық кеш
