Орталық қалалық кітапханада Ұлттық валюта күніне орай ерекше мазмұнды, танымдық мәні зор «Ұлттық теңге мәртебесі» атты биржалық сауда-саттық ойыны ұйымдастырылды. Іс-шараға №4 «Болашақ» ОММЛИ КММ-нің 8 «Ә» сынып оқушылары қатысып, өз білімдерін, тапқырлықтарын, қаржылық ойлау қабілеттерін сынап көрді. Негізгі кезеңге ұласқан биржалық сауда-саттық үш бөлімнен тұрды:
1-кезең — «Баға белгілеу», мұнда оқушылар нарықтағы бағаның қалай қалыптасатынын тәжірибе арқылы ұғынды;
2-кезең — «Инвестиция жарысы», қатысушылар капиталды тиімді орналастырып, табыс табудың жолдарын іздеді;
3-кезең — «Экономикалық аукцион», бұл бөлімде топтар шынайы бәсеке жағдайында жылдам шешім қабылдап, тактикалық ойлау қабілеттерін көрсетті.
Әрбір кезеңде эмоция, толқу, қуаныш қатар өріліп, ойынның әр сәті шынайы қаржы алаңындағы жұмысты еске салды.
Шара соңында кітапханашы қатысушыларды «Теңге тарихы — ел тарихы» атты кітап көрмесімен таныстырып, ұлттық валютамыздың қалыптасу кезеңдері туралы маңызды мәліметтермен бөлісті.
«Ұлттық теңге мәртебесі» биржалық сауда-саттық ойын
